Жаңа шағын ауданда жалдамалы үйлер бой көтеруде

Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019 13:48

Қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков биылғы жылы Қарағайлы шағын ауданында тағы 6 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты. Олардың ішінде жалға берілетін 136 пәтерлі екі тұрғын үй бар.

- Бұл үйлер халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған,-деді қала әкімінің орынбасары. – Жаңа баспаналардың 20%-ы жетім балаларға беріліп , қалған пәтерлер мүгедектер мен көп балалы отбасылар арасында бөлінеді.
Н. Ушаков жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіру құқығынсыз берілетінін ескертті. Жаңа үйлердің тұрғындары ай сайын аз көлемдегі жалдау ақысын төлейтін болады. Пәтерлер кезек бойынша берілмек.
- Бұл көпқабатты үйлер пайдалануға берілген 320 орындық балабақшаның жанында орналасқан, - деді Николай Николаевич. - Сондықтан бұл халық үшін өте ыңғайлы. Жақын маңда автобус аялдамасы да бар.
Жалға берілетін үйлерде қазіргі уақытта терезелерді әйнектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көпқабатты үйлерді осы жылдың күз айларында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағайлы жаңа шағын ауданы қарағай борының жанында орналасқан. Шағын ауданда соңғы талаптарға сай тұрғын үйлер мен спорттық нысандар бой көтеруде. Оның ішінде 5 500 орындық "Абай Арена" мәдени-спорттық кешені бар. Мамыр айында шағын ауданда мұз сарайының құрылысы басталады.

Семей қаласының ақпараттық орталығы
Фото: Семей қаласының ақпараттық орталығы