Тарбағатайда өткен бәйге жарысына төрт көлік тігілді

Сәрсенбі, 19 Маусым 2019 12:08

ШҚО Ақсуат ауылында Елбасының «Ұлы даланың жеті» қыры мақаласы аясында өткен халықаралалық ат бәйгесі алыс-жақын елді таңдай қақтырды. Нөсерлеп жауған жауынға қарамастан, бәйгеге қойылған жүйріктердің нағыз мықтысы анықталды.

Алғаш рет 140 шақырымдық бәйгеде топ жарып, Көкпекті ауданының намысын қорғаған Руслан Шаяргазиннің тұлпары жеңісті қолдан бермеді. Русланның айтуынша, атын бұл бәйгеге ұзақ дайындапты. Талай аудандық жарыстарда жеңімпаз атанып келе жатқан тұлпар осы жолы да озық шықты.
-Бар еңбегіміз ақталды. Өйткені жылқыны бәйгеге қосу үлкен төзіміділік пен дайындықты талап етеді. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, топ жарып шықтық. Осындай бәйгені ұйымдастырып отырған демеушілерге алғыс айтамыз,- деді Руслан. Қарсыластарына шаң қақтырған жүйрік аттың иесі темір тұлпардың кілтіне ие болды.
Бұдан кейінгі 15 шақырымдық топ бәйгеге тігілген темір тұлпардың кілтін жармалық Қайрат Шапатов еншілесе, 25 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген темір тұлпар алматылық Ғабит Үмбетовтің тақымында кетті. Ал 130 шақырымдық бәйгеде ақсуаттық Алмас Әмірғалиевтың және катондық Қуаныш Тұрсынбековтың аттары жеңімпаз атанды.
Айта кетсек, шабандоздар әрбір 30 шақырым сайын тоқтап, тұлпарларын демалдырды. Осы мақсатта арнайы киіз үйлер тігіліп, қауіпсіздік шаралары да алға қойылды. Шығыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаковтың айтуынша, бұл турнир – қазақстандық ат спортын дамытуға өз үлесін қосып отыр. Алдағы уақытта 140 шақырымдық ат бәйгесі дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін болады.