Даниал Ахметов 100 жасқа келген көпбалалы кейуананы мерейтойымен құттықтады

Сенбі, 17 Тамыз 2019 20:50

Ғибратты ғұмыры ғасырға аттап, өмір белесінің ең биік заңғарына шыққан Өскемен қаласының тұрғыны, тыл еңбеккері, көпбалалы ана Гүлжазира Нұрсапарқызын бүгін аймақ басшысы мерейлі мерейтойымен құттықтады. Ақ жаулық жауып, ізгі тілегін жолдады.

Қос ғасырдың куәгері болған Гүлжазира Нұрсапарқызы 1919 жылы Катон-Қарағай ауданында дүниеге келген. 8 бала өмірге әкеліп, соңынан ерген 5 бауыр-сіңілдерін өсіріп, жеткізді. Өмірлік серігі, соғыс ардагері, екінші, үшінші дәрежелі Даңқ орденінің иегері марқұм Мамырбек ақсақалмен бірге өмірдегі бақытты адал еңбек пен өнегелі ұрпақтан тапқан жандар. Бүгінде он немере мен он шөбересінің баға жетпес қазынасы.
– Елбасымыз «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды» деген еді. Ана – адамзаттың қайнар көзі, ал көпбалалы ана – ұлттың құндылығы мен берекесі, ұлттық тәрбиенің, даңқты дәстүрінің бастауы. Өскелең ұрпақтың өзіңізден алар мұрасы мол. Сонау қуғын-сүргін кезеңінде отбасыңыздың тағдырына түскен қиындыққа қарамастан, 15 жасыңызда қиындықтан қорықпай, асыл анаңыз бен бауырларыңызға қамқор бола білдіңіз. Сізге зор денсаулық, мол бақыт, әулетіне береке-бірлік тілеймін, – деді кейуанаға ақжарма тілегін жолдаған аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Әжейдің әкесі «халық жауы» деп айыпталғаннан кейін нағашы ағасы анасы мен бауырларын алып, Қытайға бет алады. Шекараға жеткен соң оларды қалдырып ауылдағы малды айдап алып кетуге кетеді. Бірақ қайтып оралмайды, себебі оны да ұстап алады. Бұл хабарды естіген 15 жасар Гүлжазира 160 шақырымды артқа тастап, анасы мен бауырларын тауып, белуардан асқан қарды омбылай оларды ауылға алып келеді.
– Анам бір үзім нан тапса да деп інілерін туған-туыстарына малшы, жалшы етіп қалдырады. Ал анасын туысқан шалға әйелдікке береді. Бұның бәрі қиын кезеңде олар аштан қатпасын деген қамқорлығы еді. Ең кіші інісін бауырына басып, қолына алды. Әкем екеуі біраз уақыттан соң барлық бауырларын өздері өсіріп, жеткізеді. Жалпы анам өте ақ көңіл, әр нәрседен жақсылық көретін адам. Суырып-салма ақындығы да бар. Соңғы жарты жылда денсаулығы сыр беріп қалды, әйтпесе бүгін де бір шумақ өлеңін шығарып тастайтын еді, – дейді абзал ананың ұлы Орынбек Әлімбаев.
Еліміздің ғасырша жуық даму тарихының куәгері Гүлжазира Нұрсапарқызының өмір жолы жастарға өнеге екенін атап өткен облыс әкімі Даниал Ахметов әжей туралы кітап жазу қажеттігін айтты. Ұлттың асыл қазынасы – ақжаулықты әжелердің өнегесі қашанда сабақтастық тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы қажет.