Шығыс Қазақстан мен Татарстанның цифрландыру саласында ұқсастық бар ма?

Сәрсенбі, 30 Қазан 2019 13:17

Шығыс Қазақстаннан аттанған журналистер делегациясы Татарстан Республикасының инвестициялық даму агенттігінің жұмыс барысымен танысып қайтты. Онда көршілес мемлекеттің экономикалық және өндірістік саласынан сыр шертетін талай ақпаратты жинап қайтты. Сондай-ақ инвестициялық цифрландыру саласы бойынша да мәліметтер алды.

Айта кетейік, мұндай орталық Шығыс Қазақстан да бар. Бұл ШҚО әкімдігінің қолдауымен құрылған. Ал осы орталықты құру барысында Татарстан Республикасының тәжірибесі қолданылған. Татарстан Республикасының инвестициялық даму агенттігінің жетекшісі Талия Минуллина айтуынша, бұл мемлекеттегі билік өкілдері ақпараттық дамуға әлдеқашан ден қойып, IT-технология саласын өркендетуге көлемді инвестиция салуда. Осы орайда Шығыс Қазақстан да ақпараттық технологияны дамытуға баса назар аударылып отырғанын айта кеткен орынды. Бұдан бөлек ШҚО мен Татарстандағы цифрландыру саласында ұқсастықтар көп: денсаулық сақтау мен білім беру саласы электронды форматқа көшкен, мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алуға болады, қалалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ГЛОНАСС жүйесі енгізілді. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов IT-мамандарды даярлауға мән беріп отыр. Сондай-ақ аймақ басшысы IT-инженерлер болашақта жоғары сұранысқа ие екенін үнемі айтып келеді. Бұдан бөлек облыс мектептерінде IT-сыныптар ашылған. Онда роботты техника пәні оқытылады. Сонымен қатар IT-мамандарды даярлауға гранттар бөлінеді. Сондай-ақ WorldSkills, IT-фестиваль, IT-Хакатон байқаулары ұйымдастырылады. ШҚО-ның студенттері Татарстандағы «Иннополис» халықаралық университетінде IT-мамандығы бойынша білім алуға мүмкіндік алды. Бүгінде «Иннополис» университетінде 623 студент оқиды. Онда киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, роботты техника, бағдарламалау сынды IT-бағыттары бойынша білім алады. Студенттер халықаралық стандарттарға сәйкес ағылшын тілінде оқиды. Өйткені мұндағы оқытушылардың 80 пайызы шетелдіктер. Талия Минуллинаның айтуынша, бұл университетке оқуға түсу үшін әлемнің 60 мемлекетінің студенттері өтінім береді.
«Шетелдік азаматтар біздің университетке байқау арқылы қабылданады. Сөйтіп озық білімдерімен көзге түскендері грант иегерлері атанады. Мұнда оқуға тапсыру үшін өтініш жазып, қажетті құжаттарды жинап, тесттен өту керек. Жас ерешелігіне байланысты шектеу жоқ» - делінген университеттің сайтында.