Шығыс Қазақстан «ANTIKOR ORTALYGY» ашылды

Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2019 09:21

«ANTIKOR ORTALYGY» жаңа қызмет көрсету орталығының салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев қатысты.

Жаңа алаңның жұмысын қонақтарға ҚР Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің Ерлан Жалмағамбет пен оның орынбасары Жігер Байділдин таныстырды.
«ANTIKOR ORTALYGY» бірінші қабатында «Шығыс — адалдық алаңы» жобасының фронт-кеңсесі ашылды. Онда «Protecting bussiness and Investments» кабинеті жұмыс істейді. Оған келушілерге заңгерлік кеңестер беріледі. Сондай-ақ мұнда кез келген адам қажетті құжаттарын онлайн режимде ала алады.
Екінші қабатта «open space» форматындағы кеңсе орналасқан. Сонымен қатар бұл қабатта баспасөз мәслихатын өткізетін орталық бар. Осы орайда open space пен фронт кеңсенің басты мақсаты — жемқорлықтың алдын алу екенін айта кеткен орынды. Аталмыш орталықта азаматтардың өтініштері мен мемлекеттік органдарға заңды жүгінуі қабылданады.
— Сервистік орталықтың басты міндеті тұрғындармен кері байланыста кедергісіз жұмыс істеу. Департамент пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен облыс тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сауалдардың жауабын ала алады. Сервистік орталық Өскемендегі Лихарев 2 мекенжайында орналасқан. Жұмыс күндері сағат 09.00-ден кешкі 19.00-ге дейін біздің мамандар қызмет көрсетеді, — деді Ерлан Жалмағамбет.
«ANTIKOR ORTALYGY» ашылу салтанатында жемқорлықпен күрес ведомствасының қызметкелеріне жеңілдікпен баспана алудың тиімді жолдары түсіндірілді. Енді олар бір шаршы метрі 100 мың теңгеден басталатын тұрғын үйді қалай қол жеткізуге болатынын біледі. Тұрғын ұй құрылысы ғимаратты салушының есебінен қаржыландырады. Мердігерлердің айтуынша, бұл саланың мамандары 2020 жылға дейін баспаналы бола алады. Осы мақсатта екі тұрғын үй салынуда. Қазір аталмыш нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы мен екінші деңгейлі банктер арқылы үй алудың жолдары қарастырылуда.
Бұдан бөлек, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары биылғы жылды қортындылап, еліміздегі сыбайлас-жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмыстарды жүргізуге септігін тигізіп жүрген бірқатар азаматтарды сый-құрметке бөленді. Бұл күні Алик Шпекбаевтың қолынан арнайы мониторингтің топтың мүшесі Мұрат Әлжанов пен Жанна Жибраева, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Айнагүл Бәкімбаева, облыстық «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Ерік Абитов, «Алтай» облыстық телеарнасының редакторы Мирас Құмарғалиев, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қылмыстық істер және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының доценті, «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлмира Байркенова марапатталды.
Сонымен қатар балаларға арналған компьютерлік ойынды ойлап тақан Қанат Елюбаев пен ұлы Асанәлі Амангелдиев «Сатылмайтын Алпамыс» наградасын жеңіп алды.
Аталмыш департаменттің бес қызметкеріне жаңа пәтердің кілттері табысталды.
Салтанатты шара соңында ҚР Агенттік төрағасы «Шығыс – адалдық алаңы» жобасы мен арнайы мониторингтік топтың жұмысына оң бағасын берді.
- Бүгінде қоғам өкілдері жемқорлық фактілерінің азаюына үлестерін қосуда. Біз әлемдік тәжірибені зерттедік. Соңғы үш жылдың ішінде біздің елімізде жемқорлық азайды. Мемлекеттік қызметтің беделі артты. Оған азаматтық және қоғамдық бақылаудың әсер еткені айдан анық. Біз мемлекеттік қызметкерлердің тұрмыс сапасын жақсартып, жеңілдікпен тұрғын үй алулар үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз, — деп қортындылады Алик Шпекбаев.