Даниал Ахметов қала және аудан әкімдеріне көктемге дейін уақыт берді

Сәрсенбі, 29 Қаңтар 2020 09:33

Бүгін өткен жылдың 12 айында атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылған Шығыс Қазақстанның әкімдік отырысында даму көрсеткіші бәсеңдеп кеткен аудан және қала басшылары бас әкімнен ескерту алды.

Ескертудің мазмұны құрылыстың қарқынын, әсіресе, әлеуметтік маңызды нысандардың бой көтеру барысы бәсеңдеген Курчатов, Риддер қалалары, Алтай, Бесқарағай, Шемонаиха, Жарма, Глубокое мен Күршім аудандарына қатысты. Дәл осы себепті бұл өңірлерде баспана, балабақша салу ісі кенжелеп қалған. Сондай-ақ, инвестиция, өндірістік және ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі төмендеген.
– Сіздерге тиісті қаржы мөлшері бөлінгенмен, даму көрсеткіштері төмен. Бұл аудан әкімдерінің әлсіз жұмыс барысын айқындайды. Арнайы әлеуметтік топтарға жататын қаншама адам тұрғын үй кезегінде тұр. Аудан экономикасының даму барысын жоғарлатып, баспанамен қамту мәселесін түбегейлі шешу қажет. Сіздерге көктемге дейін уақыт беремін. Егер жұмыс нәтижесін лайықты деңгейге шығармасаңыздар, қатаң шара қолданылады, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Жалпы, өткен жылдың есебі бойынша облыста тұрақты даму траекториясы сақталған. Әлеуметтік-экономикалық негізгі көрсеткіштердің өсу динамикасы қамтамасыз етілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн. теңгеден асты. Өнеркәсіп өндірісі - 109, ауылшаруашылығы өнімдері – 104, инвестиция ¬- 123, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 106 процентке артты. Облыс бойынша 443 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі