ШҚО әкімі шалғайдағы ауылдарда екінші деңгейлі медицина мекемелерін ашуды тапсырды

Сәрсенбі, 29 Қаңтар 2020 09:37

Бұл туралы Даниал Ахметов облыстық әкімдікте өткен жиналыс барысында мәлімдеді. Денсаулық сақтау басқармасына бір айдың ішінде құрылымдық жүйені өзгертуге байланысты ұсыныс енгізу тапсырылды.

Әсіресе, бұрын оңтайландырылған, Катон, Марқакөл, Шұбартау сияқты өңірлердің шалғай ауылдарын қамту маңыздылығын баса айтты аймақ басшысы.
– Аналардың 80 пайызы Өскемен мен Семей қалаларының медициналық орталықтарында босанады. Яғни, 700-800 шақырымды басып өтіп, облыс орталығына келуге мәжбүр. Бұл құрылымдық жүйенің қателігі. Бізге бірінші кезекте ана мен бала өмірі және оның сапасы маңызды, сондықтан жаңа жүйені енгіземіз - деді Даниал Ахметов.
Айта кету керек, ШҚО-да денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылуда. 3 жылда 22 млрд теңгеге заман талабына сай келетін соңғы үлгідегі 1086 жабдық алынды. Еліміздегі бірегей робот хирургиясы, трансплантология, политравма, ортопедия орталықтары, гибридті ота жасау бөлімі ашылды. Сонымен қатар, екі ауданда екінші деңгейлі Инсульт орталықтары іске қосылды. Диагностика және емдеудің 130-дан астам жаңа әдісі қолданысқа енгізілді. Бұның бәрі қатерлі ісіктің ерте анықтау деңгейін 6 пайызға, бала өлімін 28%, қан айналым жүйесі ауруларынан 7% және туберкулезден болатын өлім көрсеткішін 66% төмендетуге мүмкіндік берді.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі