ШҚО-да Ресей мен Қытайға қатынайтын жолаушылар көлігі уақытша тоқтатылды

Бейсенбі, 19 Наурыз 2020 10:28

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Шығыс Қазақстан облысынан Ресей Федерациясы мен Қытай мемлекеттеріне қатынайтын автобустар мен поездар уақытша тоқтатылды. Бұл туралы аймақтық комуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов мәлім етті.

– «Өскемен-Мәскеу», «Өскемен-Новосібір», «Ташкент-Новосібір», «Алматы-Новосібір», «Бішкек-Новосібір», «Томск-Риддер» бағыттарындағы жолаушылар қатынасы тоқтатылады. Сондай-ақ «S7» авиакомпаниясының мәліметінше, ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін әуе рейстеріне уақытша шектеу қойылады. Ал билет алып қойған жолаушылар оны кері қайтарып бере алады, - деді Нұржан Жұмаділов.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстандағы 4 әуежай мен 21 теміржол стансасы, үш автовокзал, 10 автостанса мен жолаушыларға қызмет көрсететін 12 пунктте күніне үш рет дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.