ШҚО: қашықтықтан еңбек еткен қызметкерлердің еңбекақысы сақталады

Бейсенбі, 19 Наурыз 2020 19:20

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты үйде каратинде отырған қызметкерлер жұмыс орнына уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы қағаз алып баруы тиіс. Сонда оларға әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Бұл жөнінде ШҚО ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов мәлім етті.

- Уақытша еңбекке жарамсыз деп танылған азаматтарға ҚР заңнамасына сәйкес 15 айлық есептік көрсеткішінде жәрдемақы тағайындалады. Осы орайда 1 АЕК көлемі биылдан бастап 2651 теңгені құрайтынын атап өткен орынды. Ал 15 АЕК мөлшері 39765 теңге, - деді Бақытбек Қизатов.
Басқарма басшысының айтуынша, жұмыс уақытына өзгерістер енгізілуде. Алайда соған қарамастан қашықтықтан еңбек етіп жүрген қызметкерлердің жалақысы толық сақталуы тиіс.
- Әрбір мекеменің басшысы қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік болса, осы режимге ауысуы керек. Бұл Еңбек кодексіне сәйкес реттеледі, - деді Бақытбек Қизатов.