ШҚО-ДА ҮЕҰ ФОРУМЫ ӨТТІ

Шығыс Қазақстан облысында 100-ге жуық үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен форум өтті. Аймақтағы коммерциялық емес ұйымдардың ең белсенді және көрнекті өкілдері үкіметтік емес ұйымдарының форумында бас қосып, бірқатар мәселелерді қарастырды, деп хабарлайды ШҚО ақпараттық орталығы. 

    Аталмыш форумға ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембинов және облыс аумағындағы белсенді азаматтар қатысты. 
    – Шығыс – бұрыннан-ақ жаңалықтардың, жаңа идеялар туындайтын жер болған. Осы орайда үкіметтік емес ұйымдармен атқаратын әлеуметтік жобалар жеткілікті. Оның барлығы әлеуметтік ортадағы жағдайды арттыруға және басқа да ұйымдарды жұмысқа тартуға бағытталған. Сондықтан алдағы уақытта бірқатар жобалар қарастырылуда,  - деді Ержан Сембинов.
    Сондай-ақ, форум барысында «ШҚО Азаматтық Альянсы» ЗТБ төрағасы Олег Чернышов жаңа заңнамалар жүйесіндегі ҮЕҰ үлесі жайлы айтты. 
    - Ағымдағы жылы елімізде бірқатар заңнамалар жүйесі қарастырылу үстінде. Соның ішінде ҮЕҰ жайлы заңнама да қабылданып, келесі жылы өз күшіне енбек. Дегенмен, бірінші кезекті біздің ҮЕҰ мүшелері сол заңнамалар жүйесіне дайын болып, халықпен жұмыс жасауға әзір болуы қажет, - деді Олег Чернышов. 
    Айта кетсек, мұндай форум өңірде жыл сайын өткізіледі. Аталмыш сұхбат алаңында ҮЕҰ өкілдері елдегі азаматтық қоғам рөлін нығайту, заңнаманы жетілдіру, азаматтық секторды дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеу сынды маңызды мәселелерді талқылап, шешім қабылдайды.